Түрегеп тұрып сәлем беруге бола ма?
Түрегеп тұрып сәлем беруге бола ма?

Орыннан түрегеп сәлем беру – бидғат» дегенді естідім. Сол рас па? Шын мәнінде түрегеп тұрып сәлем беруге болмай ма?

Жауап: «Әс-Сәләм» – Алланың көркем есімдерінің бірі. «Сәлем» сөзі араб тіліндегі «тыныштық», «бейбітшілік» деген мағынаны білдіретін «сәләм» сөзінен енген.

Сәлем беру мен сәлем алу – Алла Тағаланың жер бетінде орнатқан тәртібі мен заңы. Шариғат бойынша бірінші болып сәлем беру – сүннет, ал оған жауап қайтару – міндетті (уәжіп) амал болып табылады. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) танысын-танымасын сәлем беруді Исламдағы абзал істердің бірі екендігін айтқан. Басқа бір хадисте «Көліктегі адам жаяу жүргіншіге, жүріп бара жатқан адам отырғанға, аз адам көп адамға, жасы кіші үлкенге сәлем береді», - деген сәлем берудің үздік үлгілері келтіріледі.

«Отырған адам орыннан тұрып сәлем беруі бидғат», «Түрегеп сәлем беру ширк» деген пікірді ұстанатындар Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) «Сендер маған аджамилердің (араб еместер) істегендері сияқты орындарыңнан тұрмаңдар» деген хадисін дәлел етіп келтіреді. Бірақ, бұл хадистің айтылу орыны мен себебі мүлдем басқа. Негізінде, аталмыш хадистен келесі мәселені ұғынуға болады. Аталмыш хадис сол уақыттағы араб емес кейбір ұлттардың салт-саналарында қалыптасқан жағымпазданып түрегеп сәлем беру мен тәкаппарланып сәлем алуға қатысты айтылған. Яғни, Алла Елшісі (с.ғ.с.) осы хадис арқылы мұсылмандар өзгенің алдында жағымпаздану және тәкапарлану сияқты жаман қасиеттерден сақ болу керектігін айтқан. Шынтуайтқа келгенде, біреудің алдында түрегеп амандасуды мүлдем болмайды деп тыймаған. Керісінше, «Жастарға ізет, үлкенге құрмет көрсетпеген бізден емес»[1], - деп ескерткен.

Айша анамыздан жеткен хадисте мынадай бір оқиға баяндалады: «Алла Елшісіне (с.ғ.с.) оның қызы Фатима (р.а.) келген кезде, оған түрегеп сәлем беретін, қолынан ұстап қасына отырғызатын еді. Фатима (р.а.) да Алла Елшісі (с.ғ.с.) келген кезде орынынан тұрып құрмет көрсететін. Бірде мәдиналық сахабалардың (ансарлық) бірі Сағд ибн Муғаз келгенде, Алла Елшісі (с.ғ.с.) сахабаларға қарата «Сендер өздеріңнен үлкеннің алдында (құрмет көрсетіп) орындарыңнан тұрыңдар» деп айтты»[2].

Сондықтан, көңілінде жағымсу мен тәкапарлық болмастан орыннан түрегеп сәлем беру – құрмет көрсету, ілтипат білдіру, сыйластық, кішіпейілдік, мәдениеттілік, бауырмашылық. Аллаға серік қосу емес! Құрмет көрсетіп орыннан түрегеп сәлем беру –  біздің Ұлы Дала тұрғындары үшін сан ғасырдан бері қалыптасқан этикалық норма. Халқымыздың салт-дәстүрімен біте қайнасып әрбір қазақтың бойына сіңген сүннет амал.  Ал, сүннет амалды жоққа шығарып, оны бидғат, ширк деп айту имандылық тұрғысынан аса қауіпті мәселе.

Әзірлеген: Берікбол ЖАНАҚ  

[1] Тирмизи

[2] Бұхари

Berikbol ZhanakBerikbol Zhanak
4 месяца назад 911
Комментарии закрыты.
О блоге
0
6357 43 71 217 43