Өткінші дүние
Өткінші дүние

Дүние тіршілігінің сәні

Қасиетті Құранда: «Мал – дүние мен бала-шаға дүние тіршілігінің ғана сәні...» - дейді. («Кәһф» сүресі, 46-аят)

Бұл өмір уақытша, әртүрлі әдемі, көзге көрікті көрінетін ләззаттармен безендірілген, алайда өлгеннен соң бәріміз Алланың алдына барамыз. О дүниеде мәңгі өмір басталады. Біріміз жаннатық, құдай сақтасын біріміз тозақтық боламыз. Біз, Алла берген берекеттермен, ақиреттің рахаттарына жетуді ойлап, Алланың ризалығын алуға қызығуымыз керек.

Құран кәрімде: «Адам баласы үшін әйелдер, балалар, алтын күмістен жиналған қазыналар, сәнделген аттар, малдар және егіндерді қызыға сүю әдемі көрсетілді. Бірақ олар дүние тіршілігінің сәні. Негізінде орынның жақсысы Алланың қасында», - делінген. («Әли Имран» сүресі, 14-аят)

Әйелдер. Әйелді, бала-шағаны, алтын-күмісті қызыға сүю, бұл жалған дүниедегі тіршілігіміздегі біздің алданып қалатын осал жеріміз. Жоғарыдағы аятта Алла тағала, адам баласының алданып қалатының себебі - әйелден деп неге бірінші көрсеткен деген сұрақ туындайды. Өйткені ер кісілердің осы дүниедегі қызықтармен көбірек алдануы, әйелдердің әсерімен болады екен. Бұл жайында Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с): «Өзімнен кейін ер кісілерге алданулары зиянырақ болатын әйелдерді қалдырдым», - деген. (Бұхари)

Әйел адам жаман, олардың зияны көп, оларға тіпті жолауға болмайды деп айтудан әрине аулақпыз. Олай деп ойлауымыз, айтуымыз күнә. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жоғарыдағы хадисте бұл мағынаны меңземеді. Әйел адам ерлерге, ер адам әйелдерге берілген Алланың үлкен сыйы әрі аманаты. Ерлер әйелдермен алданып, зиянға ұшырап қалмауы үшін, олар (әйелдер) келесі хадисте, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) айтқан сипаттамасында болғандары дұрыс: «Дүние ол – тіршілік. Тіршіліктің жақсысы – ізгі әйел. Егер ол (күйеуі) оған (әйеліне) қараса, ол (әйелі) оны (күйеуін) қуандырады. Егер оған бұйырса, ол бағынады. Оны (үйде жалғыз) қалдырып шықса, ол (әйелі) оны (күйеуін)  әрі мал-дүниесін сақтайды». (Ән-Насаи; Мүсілім риуаят еткен)

Балалар. «Мал – дүние мен бала-шаға дүние тіршілігінің ғана сәні...». Ал енді бала-шағаға қатты қызығу хақысына келетін болсақ, оны екіге бөліп қарастыруымызға болады. Біржағдайда, қайсыбір мұсылман адам басқалардың алдында мақтану үшін балаларының көп болуына қызығу мүмкін. Сөйтіп ол адам мақсатына жету үшін, балаларға қатты қызығып  дүниенің қызығымен алданып қалады.

Екінші жағдайда, қайсыбір мұсылман, Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) үмметің көбейтіп, бір Аллаға сыйынатын мұсылмандар санын арттыру үшін балаларының көп болуына қызығады. Ал бұл өз алдына, Алладан сауап алатын, мақтауға лайықты амал болып табылады.

өткінші өмір

Алтын күмістен жиналған қазыналар. Қазына жинаудың да екі түрі бар. Біріншісінде, басқалардың алдында тәкаппарланып мақтану, әлсіздер мен кедейлерге жәбір көрсету мақсатында қазынаны жинау.

Ал екіншісінде, байлық жинау дегеніміз – қаражатты жақын туыстар мен жанұяға жұмсау, кедей-мұқтаждарға жәрдемдесу, білім алу, туыстық қатынасты жалғау, Аллаға құлшылық жасауға лайықты болатын амалдарды жүзеге асыру түрінде болады. Бұл әрине мақтауға лайықты іс.

Алла бізді үйленуден тыймайды, балалы болудан, қазына жинаудан тоспайды. Алла тағала адам баласын тек Өзіне ғана құлшылық етуге және тақуа (Алладан қорқуға) болуға бұйырады. Әйелдер, балалар, алтын күмістен жиналған қазыналар, сәнделген аттар, малдар және егіндер Алланың ризалығына жету жолындағы себепшілер. Әр заттың сұрауы бар. Бұл дүниеде жиған-тергеніміздің түйіршіктеріне дейін Алланың алдына барғанымызда сұраламыз. Қасымыздағы әйелдеріміз бен балаларымыз үшін жауапқа тартыламыз.

Әли Имран сүресінің 15-аятында: «(Мұхаммед с.ғ.с.) оларға: «Сендерге бұларыңнан (дүние тіршілігінен) да жақсы нәрседен хабар берейін бе?», - де. Сондай тақуалар үшін Алланың қасында астарынан өзендер ағатын, онда мәңгі тұратын бақшалар сондай-ақ тап-таза жұбайлар әрі Алланың ризалығы бар. Алла  құлдарын толық көруші», - делінген.

Айтылған сөздерімізді қорытындылайтын болсақ. Алла тағала адам баласын жаратып оған өмір сүруді сыйлады, денсаулық, жанұя, бала-шаға, мал-дүние т.б. берді. Бірақ Алланың құлы бұл сыйлықтарды қалай және қай жолда пайдаланады? Басты сұрақ осы.

Алланың бізге берген осыншама нығметтердің себебі, Алланы танып, оған құлшылық жасап, ризалығына жетіп, мәңгі өмірге дайындалып жәннаттық болу. Сөз соңында, дүние тіршіліктерінің бәрі де қызық, алайда орынның жақсысы Алланың қасында.

Дайындаған Берікбол ЖАНАҚ

Berikbol ZhanakBerikbol Zhanak
1 год назад 1199
2 комментария