Отбасылық құндылықтар
Отбасылық құндылықтар

Ислам отбасы тұрақтылығына мән береді

Отбасы – кіші отан. Отбасы - мемлекеттің іргетасы һәм ажырамас бөлігі. Мемлекеттің тұрақтылығы – отбасының тұрақты болуында. Біздің Қазақстан Республикасының да ұстанатың басты принциптерінің бірі осы. Тұрақты отбасының қалыптасуында діннің алар орны ерекше. Ислам діні де қоғамдағы отбасылық құндылықтарға аса үлкен мән береді. Осының айғағы ретінде, Исламда ғылым әртүрлі бағытта қарастырылса, соның ішінде отбасы тақырыбы өз алдына «Әл-усрату фи әл-исләм» (Исламдағы отбасы) деп арнайы ғылым болып зерттеледі. Отбасылық қатынастардың бұзылуы әлеуметтік проблемалардың туындауына әкеп соғады.  Енді соның ішінде «ата-ана және бала-шаға» тақырыбына қысқаша тоқтала кетуді жөн санаудамыз.

ата ана

 Ата-ана

Ата-анаға жақсылық жасап, оларды құрметтеу – үлкен ғибадат. Ата-анаға жақсылық жасау, Алланың бізге парыз етіп міндет еткен амалдардың ішінде екінші орын алатын ғибадат десек қате болмайды. Өйткені Алла тағала Құранда: «Аллаға құлшылық етіп, құлшылықтарыңда Оған ешнәрсені ортақ етпеңдер! Әрі ата-анаға жақсылық істеңдер!», - деген. («Ниса» сүресі, 36-аят)

Басқа бір аятта Алла тағала: «Раббың, өзіне ғана ғибадат етулеріңді, ата-анаға жақсылық қылуларыңды әмір етті. ал егер екеуінің бірі немесе екеуі де жандарында кәрілікке жетсе: «Түһ» деме. (кейіс білдірме) Сондай-ақ ол екеуін зекіме де, ол екеуіне сыпайы сөз сөйле. Ол екеуіне кішірейіп мәрхамет құшағын жай да: «Раббым! Ол екеуі мені кішкентайда тәрбиелегендей Сен де оларды мәрхаметіңе бөлей көр!», - де». («Исра» сүресі, 23,24-аяттар)

Көпшілік болған соң, қоғамда әртүрлі жайттар орын алып жатады. Өкінішке орай, сол орын алып отырған оқиғалардың ішінде кейде естіп қаламыз «Өз әкесін жауыздықпен өлтірді, өз анасын сабады» деген жүрекке ауыр тиетін хабарларды. Жоғарыдағы аятта Алла тағала баласының ата-анасына «Түһ» деген сөзді айтуының өзі дұрыс емес екеніне қарамастан, кейбір иманынан безгендер ата-анасын жерден алып жерге салуда. Алла сақтасын!

«Бір кісі пайғамбарға (с.ғ.с.) келіп: «Маған не бұйырасыз?» - деді. Ол (с.ғ.с.): «Анаңа жақсылық жаса», - деді. Кейін қайтып келіп: «Анаңа жақсылық жаса», - деді. Кейін қайтып келіп: «Анаңа жақсылық жаса», - деді. Кейін төртінші рет қайта келгенде: «Әкеңе жақсылық істе», - деді. (Имам Бұхари)

Ата-анаға қарсы шығу, оларды тыңдамау, құрметтемеу үлкен күнә. Әл-Хасан ибн Бәшардан (Алла одан разы болсын) жеткен хадисте: «Расулулла (с.ғ.с.): «Сендер зинақорлық, ішімдік ішу мен ұрлық жайында не деп айтар едіңдер?» - деген сұрағына біз: «Оны бізден гөрі Алла мен Оның Елшісі (с.ғ.с.) артық біледі», - деп жауап бердік. Расулулла (с.ғ.с.): «Мұның барлығы азғындық. Әрі олардың нәтижесі ауыр жазаға алып барады. Ауыр күнәлардың ішіндегі ең ауыры қандай күнә екенін сендерге айтайын ба? Ол Алла тағалаға серік қосу және ата-ананы қадірлемеу», - деп айтқан. (Имам Бұхари)

бала шаға

Бала-шаға

Перзент сүю қандай қуаныш! Дені сау барлық ата-ана перзент сүюді қалайды. Бірі ұлды болуды қаласа, бірі қызды болуды армандайды. Алладан тілейді, Оған жалбарынады. Өйткені перзентті болудың өзін Алла әркімге нәсіп етпейді.

Сөйтіп Алла құлының тілегенін қалап, тоғыз айдан соң дүниеге нәресте келеді. Сол сәттегі ата-ананың қуаныштарында шек жоқ. Біле-білсек, перзентті болудың өзі адам баласы үшін Алладан берілген үлкен сынақ. Алла тағала Құран кәрімде: «Негізінде малдарыңды және балаларыңды сынақ деп біліңдер. Алланың қасында зор сыйлық бар», - деген. («Әнфал» сүресі, 28-аят)

Аятта келтірілгендей Алланың қасындағы зор сыйлыққа ие болуымыз үшін, үй-ішіміздегі бала-шағамызға ізгі жолды нұсқап дұрыс тәрбие бергеніміз абзал. Ата-аналардың көбісі өздерінің ұл-қыздарының бұзылып кетулерінің себебін балабақша мен мектеп қабырғасындағы тәрбиешілер мен ұстаздардан көреді, тағы біреулер балаларының қоршаған ортасындағы дос-жораларын кінәлі деп есептейді. Шынымен солай ма?!

Хадисте: «Ер кісі жанұяның тәрбиешісі. Сондықтан ол жанұяның тәрбиесі үшін жауапты», - деп айтылған. (Имам Табарани)

«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны көресің», - деген халқымыздың ежелден келе жатқан мақал-мәтелдің бірі жоғарыдағы хадистің мағынасын меңзейді. Қоғамдағы кейбір отбасындағы ұл-қыздар «ұясында» не көріп жатыр екен?! Ешбір ата-ана өз балаларына жамандық қаламайды. Әрбір әке мен ана өз бүлдіршіндеріне жақсы тамақ беріп, әдемі киім киіндіріп, күшті білім үйретіп, өскендерінде рахатын көргісі келеді.

Алайда олардың армандары іске аспай жататын кездер де кездеседі. Өйткені бала-шағаның рахатын көру үшін, оларға тек жақсы тамақ беріп, әдемі киім киіндіру жеткіліксіз. Егер ата-аналар шынымен де балаларына тек жақсылықты қалайтын болса, онда нашақорлар, маскүнемдер, қылмыскерлер, зинақорлар ұрылар қайдан пайда болуда?!

Әбу Хурайрадан (Алла одан разы болсын): «Омар (р.а.): «Я, Расулулла! Біз Алла тағаланың азабынан сақтануға тырысамыз. Ал, бала-шағамызды қалай сақтандырсақ болады?» - деп сұрағанда, Алла елшісі (с.ғ.с.): «Алла тағала сендерді неден қайтарған болса, сендер де бала-шағаларыңды содан қайтарыңдар. Алла тағала сендерге нені істе деп бұйырған болса, сендер де бала-шағаларыңа соны істе деп бұйырыңдар!, - деп жауап берді». (Бұхари, Мүслім)

Адам баласына бұл дүниеде ең керегі имандылық. Жақсы мінез-құлық, үлкенге құрмет, кішіге ізет, ізгілік, жұмсақтық, мейірімділік, татулық-бірліктің бәрінің де қайнар көзі ол – имандылық. Қоғамымызда ұл мен қыз тәрбиелеп жатқан иманды ата-аналар болса, ұяда дұрыс тәрбие көрген ұрпақтар көп болса, мемлекетіміздің болашаққа нық қадам басуына себепкер болатын іргетасы осы емес пе?!  Әр жанұя өздерінің отбасындағы рухани кемшіліктерін түзетіп, өздері дамып әрі мемлекетіміздің де дамуына ықпал тигізулері қажет-ақ. Әр отбасынан имандылық кетпесін, жұртымыз аман, еліміз тыныш болғай!

Дайындаған Берікбол ЖАНАҚ

 

 
Berikbol ZhanakBerikbol Zhanak
1 год назад 3170
1 комментарий