Көкшенің тау тұлғасы - Науан хазрет
Көкшенің тау тұлғасы - Науан хазрет

Қазақстан Республикасы көп ұлтты, көп конфессияналды мемлекет ретінде әлемге танылды. Бүгінгі таңда елімізде көптеген ұлт-ұлыстар мен түрлі дін өкілдері бір шаңырақтың, бір тудың астында емін-еркін бейбітшілік пен татулықта бірге өмір сүруде. Мемлекетімізде саны жағынан басымырағы ол – Ислам дінін ұстанушылар. Еліміздегі мұсылмандардың қатарында қазақ, қырғыз, өзбегі мен шешен, тәжік, түріктер және т.б. бар. Тақырыбымызға кіріспес алдын, қысқаша Ислам дінінің қазақ даласына келу тарихымен танысуды дұрыс санадық. Исламның қазақ жеріне алғаш келгеннен, оның әрі қарай қазіргі уақытқа дейін тармағын жаюуы біраз жүзжылдықты қамтыды. X-ғасырдың соңына қарай Ислам Қазақстанның оңтүстік аймақтарында, атап айтқанда Жетісу мен Сырдария жерлерінде толығымен орнықты. Тіпті, сол кездегі Жетісудағы алып Қарахан түркі империясының ресми дініне де айналып үлгерді. [1;77-78б.] Осылайша Ислам діні XIII-XIV ғасырларға дейін баяу болса да, қазақ даласының жаңа-жаңа жерлеріне де жайыла бастады. Алтын Орда ханы болған Берке хан тұсында (1255-1266жж.) Дешт Қыпшақ көшпенділері арасында Ислам діні кеңінен таралып, халық арасында өз орынын алды. Ал Өзбек хан билеген уақытта (1312-1340жж.) Ислам діні тіптен күшейе түсті. Қалың жұрттың жаппай мұсылмандықты қабылдай бастауының басты себептердің бірі – Ислам адамды тазалыққа, әділдікке, көркем-мінезге, тақуалыққа баулуында еді. [2;235-296б.] XVIII-XIX ғасырлар арасындағы уақыт, қазақ даласында шаманизм мен тәңіршілдіктің көрінісі халық арасындағы ықпалы әлсіреп, Ислам діні көбірек қолдау таба бастады. Ал XIX ғасыр соңы мен XX ғасыр басында тіптен күшейе түсті. Тарих оған күә, XX ғасыр басында Қазақстанда ұлттық мәдениет пен әдебиеті, діні мен ана тілі қарқынды дамып, тіпті белгілі кезенде өркениеттің шынына жеткендей болып көрінді. Тәуелсіздік алған күнімізден бастап, өзіміздің тарихымызды, мәдениетімізді, тіліміз бен дінімізді қайта қалпына келтіру мүмкіндігіне ие болдық. Жоғалтып, ұмытылып кеткен құнды дүниелерімізді жаңғырту, қазіргі күн тәртібіне енген күттірмейтін өзекті мәселелерінің біріне айналды. Солардың негізгісі: Қазақстанның тарихы, діні, дәстүрі мен мәдениеті, қоғамдық-саяси жағдайы, қайраткерлердің өмірі мен қызметтері жөнінде ғылыми зерттеулер жасау аса қажетті. Осы уақытқа дейін тарихта Қазақстанның рухани-мәдени дамуына зор үлес қосып өшпес ізін қалдырған талай майталмандарды білгенімізбен, әлі де тани алмаған тұлғалардың бар екені ақиқат. Солардың бірі XIX-XX ғасырларда өмір сүрген Наурызбай Таласов.

Наурызбай Таласовтың есімі ел ішінде және тарихта Науан Хазрет деп танылған. Кеңес уақытында ол туралы көп айтылмаған. Негізінде Науан Хазрет - біз білуіміз керек болған нағыз тарихи тұлғалардың бірі. Наурызбай Таласовтың туған жылы мен тұған жері туралы мәліметтер әртүрлі. Көбінесе, Науан Хазрет Көкшетаудағы Жылкелді ауылында 1843 жылы дүниеге келген деп айтылады. Оның дүниеден өткен жылы туралы деректер де түрліше. Қ.Абуевтің мәліметіне сүйенсек, Науан Хазрет Көкшетау қаласында 1916 жылы қайтыс болған. [4;41б.] Науан Хазрет туралы деректер соншалықты көп болмаса да, пайдалануға болатындай құнды дүниелер бар. Науан Хазрет туралы мәліметтер Көкшенің ұлы тұлғаларының бірі Ақан серінің өлең шумақтарында, Әлихан Бөкейхановтың «Киргизы» кітабында, М.Жұмабаевтің очерктерінде, Сәбит мұқановтың «Аққан Жұлдыз» романында т.б мақала-газеттерде айтылған. Қазіргі уақытта Науан Хазреттің өмірбаяны мен атқарған қызметтері жөнінде соңғы зерттеулерді жүргізгендердің қатарында Қ.Әбуев пен С.Ақтаевтің еңбектерін ерекше айтып кетуге тиіспіз. Ал енді бұл мақаламыздың жазылуына, жаңадан табылған С.Ғылманидің еңбектерінде Науан Хазрет туралы деректердің бар болғаны себеп болып отыр.

Науан Хазрет қарапайым ауыл мектебінде оқып кейін Петропавл қаласындағы медресені бітіреді. Науан Хазреттің ауыл мектебінен Петропавлдың медресесіне баруы тегіннен-тегін емес. Науан мектепте оқып жүрген кезіннен ақ, өзінің зейінімен, таланттылығы мен белсенділігімен көзге түседі. Баласының бойында күшті қабілетті байқап қалған Талас, Науанды арнайы діни медреседе оқып білім алуына шешім қабылдайды. [4;24-25б.] Қызылжардағы медреседе де Наурызбай Таласовтың білімге  деген құштарлығы арта түседі. Дарынды шәкіртті байқап қалған медреседегі ұстаздар оны әрі қарай білімін жетілдіру үшін 1870 жылы Бұхарадағы жоғары діни білім ордасына оқуға жібереді. [4;25б.] Алайда бұл мәлімет, басқа деректе сәл басқаша берілген. Науан Хазрет 25 жасында Қожахмет Ишанұлы деген өзі сияқты басқа бір шәкіртпен Қызылжардағы Уәли Хазреттен дәрістерін тәмамдап, бірге Бұхараға қарай жол тартады. Ол жерде Көкалташ медресесінде Убайдолла Хазреттен 15 жыл бойы оқиды. [5;621б.]  Өкінішке орай, Қызылжардағы Уәли Хазрет пен Бұхарадағы Убайдолла Хазрет ұстаздар туралы мәлімет аса көп емес болып отыр. Бұхарадағы діни білім ордасын озат бітірген Н.Таласов, сол кездегі әлемдегі ислам орталықтарының бірі саналған Бағдат қаласына арнайы діни тәжірибе жинауға, білімін әрі қарай тереңдетуге жіберіледі. [4;25б.] Біраз білімін ұштап елге қайтқан Н.Таласовты Бұхарадағы оқыған оқу орыны оны ұстаздық қызмет жасауға өздеріне алып қалады. Соған қарағанда, Науанның діни сауаттылығының қаншалықты жоғары деңгейге жеткендігін аңғарамыз. 1886 жылы Көкшетау өлкесінің эмиссарлары Науан Хазретті өздеріне қайтару үшін Бұхараға делигаттарды жібереді. Келіссөздер натижесінде бұхаралықтар Науан Хазретке Көкшетауға қайтуына рұқсат береді. Сөйтіп Науан Хазрет өте сауатты, жан-жақты білімді болып туған жеріне қайтып оралады. Ол сол уақытта көне түрки, өзбек, парсы, арапша, орыс тілдерін жетік меңгерген, шығыс классикалық әдебиеттерді оқыған, жазу-сызуды білетін болатын. [4;25б.]

         Көкше тұрғындары Науанды, өз елінде көп уақыт тұрмаса да, оны тек жақсы жағынан ғана танитын. Кейіннен халық Науан Хазретті өлкенің бас имам қызметін атқаруына лайықты деп шешім қабылдайды. 1886 жылы Науан Хазрет Көкшетаудың өкіл имамы болып тағайындалады. Н.Таласовтың бастамасымен, мұсылман жамағатының садақасымен Көкшетауда жаңа мешіт бой көтереді. (Бүгінгі күні Көкшетауда «Науан Хазрет» атындағы сол мешіт жұмыс істеп тұр). Қазақ халқының соның ішінде жергілікті Көкшеліктердің діни әрі дүнияуи сауаттылығының таяз болуы, білімі терең Науан Хазретті алаңдатпай қоймайды. Ол әсіресе өскелең жас ұрпақ балалардың білім деңгейінің өсуіне баса назар аударды. Мешіт қабырғасында медресе-интернаттарды ұйымдастырып, әрі ауыл молдаларының білімін жетілдіретін арнайы курстар ашты. [4;27б.] Өзі оқытқан шәкіртін Шәймерден Қосшығұловты көмекші ретінде өзіне алады. Медреседе діни білімдермен қатар, дүнияуи пәндер де берілді. Ол уағыз-сабақтарын қазақ тілінде жүргізді. Көп ұзамай Көкшетаудағы мешіт жергілікті өлкенің нағыз білім ордасына айналды. Басқа жағынан бұл атқарылып жатқан қызметтер уезд әкімшіліктегілердің құлағына тез жетеді.

XIX ғасырдың 2-жартысында түркі тектес халықтары отарлану процессінде болатын. Соның салдарынан XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында қазақ жеріндегі мұсылмандарды ақырындап жаппай христиандыру, орыстандыру саясаты жүргізіле бастайды. XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасыр басында жаңашылдар қозғалысы белең алады. Олардың басты ұстанымдары Ресейдегі билеуші монархияға қарсылық білдіру саясаты еді. Бұл зиялылар бастаған топтың орталығы Бұхара қаласы еді. Алайда түркі тектес халықтардың, оның ішінде қазақ халқының бәрі тегіс Ресей патшалығының саясатына қарсы болды деуге болмайды. Қазақ зиялылары ендігі кезекте өзіндік пікір ұстанатын екі топқа бөлінеді. Екі топтың бірі Ресей патшалығына қосылуға түпкілікті қарсы болса, екіншілері Ресей патшалығына қосылу саясаты Қазақстан үшін ұтымды іс екендігін дәлелдеумен болды. [6;77-114б.] Науан Хазрет пен оның артынан ерген шәкірттері болса, кеңес патшалығының қазақ даласын христиандыру, орыстандыру, отарлау саясатымен күресудің сауатты жолын таңдады. Яғни, ол өз шәкірттерімен бірге ашық дұшпандық, тікелей қарсы шығуды емес, керісінше қорғану тәсілін пайдаланды. Нақты айтсақ білім-ғылым жолын тандады. Ол медреседе діни дәріс оқытумен қатар дүниәуи ғылымдарды да үйретуді басты назарда ұстады. Білім ордасында жас балаларға ислам діні ілімдерімен қоса, жазу-сызуды, есептеуді, араб, орыс, парсы, өзбек тілдерін, әрі шығыс классикалық әдебиеттерін оқытты. [4;27б.] Алайда соған қарамастан да, 1903 жылы Көкшетау учаскесінің подполковнигі Троицкий Н.Таласов пен оның шәкірті Шәймерден Қосшығұлұлын қамауға алады. [4;32-33б.] Науан Хазрет пен оның шәкіртінің қамауға алынып, кейінен жер аударылуына екінші бір себебі бар. Ол жайында сәл кейінірек айтып өтетін боламыз. Біз ең алдымен Науан Хазреттің діндарлығы қандай дәрежеде болғанын қарастырып оның қызметін объективті бағалауды мақсат тұтамыз. Осыған орай, Н.Таласовтың діни көзқарасы, ұстанымы, атқарған қызметі қандай болды? Осы және басқа да сұрақтарға, жоғарыда көрсетіп өткен пьеса, шығармалар мен мақалалармен қоса, С.Ғылманидің төлжазбасын пайдалана отырып, бұл жазып отырған мақаламызда жауап алуға тырыстық.

         Науан Хазрет татар молдасы Фахруддин Мифтахаддиновтың қызы Хуснубанатқа үйленеді. Науан туралы басқа деректерде екі рет некелескен делінген. Алайда, оның өзінде біржақтылық жоқ. Қ.Абуевтің «Науан Хазірет» кітабында: Науанның алғашқы әйелі Бәтима Тімәлі қажы қызы екеулері үйленген соң, көп ұзамай ертерек қайтыс болып кетеді деп келтірілген. Ал басқа деректерде, Бәтима некелеспей жатып, дүниеден озады делінген. Бұхарада, Бағдаттта оқып-жаттағанын басқаларға да үйрету мақсатында мешіт жанынан медресе ашады. Өлкедегі ұл-қыздарды жинап, оларға білім үйретіп дәріс жүргізеді. Н.Таласов шәкірттерді оқытқаны үшін, олардан бір тиын құн сұрамайды. Есесіне, жаз уақыттарында жанына бірнеше шәкірттерді ертіп алып, ел аралап, медресе қажеттілігіне байлардан садақа жинайтын көрінеді. С.Ғылмани Науан туралы былай айтады: «Осылай болып жүргенде (медресе ұйымдастырып, сабақ беріп жатқанда) Науанның ғылым-білімін тереңдететін басқа бір жермен байланысы жоқ, газет-журнал оқымайды, өзі оқып шыққан Бұхарамен де байланыс ұстамайды».  [5;625б.] С.Ғылманидің айтқанынан, Науанның саясат істерге көп араласпандығын түсінеміз. Ол өз-өзімен ғана болып, тек рухани ағартушылық қызметпен айналысқан. Деректерге сүйенетін болсақ, Н.Таласов медреседе көп шәкірттер оқытып шығарған. Олардың арасында толық оқып бітіріп шыққандары да бар, бекітілген бағдарламаны толық аяғына дейін аяқтамай жарты жолда қалдырып кеткендері де жоқ болмады. Бірақ Науанның медресені толық тәмамдаған шәкірттері аз. Науан Хазіреттің шәкірттерінің арасында ұлдар да, қыздар да сауаттарын ашқан. Таласов қазақ жеріндегі ислам дінінің жанашырларының бірі болған деп айтсақ болады. Кейбір жағдайда, Науанның шәкірттері білім жағынан оның өзінен асып түскен жағдайдың да орын алғанын байқасақ болады. Бір уақытта, Әлиасқар Айтқожаұлы деген шәкірт өз ұстазы Науанмен бір мәселеде сөз талстырып қалады. Әлиасқар таң намазында азан шақырғанда «ас саләту хайрун минан наум» (намаз ұйқыдан хайырлы) деген сөзді айту керек десе, Науан керісінше айтуға болмайды деп пікірталасады. Сонда Әлиасқар шәкірті, «Сахих әл Бұхари» хадистер жинағынан ұстазына «ас саләту хайрун минан наум» сөзін айту керек екенін дәлел келтіріп береді. [5;653б.]

Науан Хазрет атындағы мешіт

         1904 жылдың желтоқсан кезінде Н.Таласов жер аударылуға жіберілгенде, онымен бірге әйелі Хуснулбанат, қызы Ғазиза, ұлы Ғалымтай, шәкірті Әлиасқар Айтқожаұлы бірге еріп барады. [5;637б.] Қазақ интеллегенттері оны түрмеден босату үшін біраз іс-әрекеттер жасайды Көкшедегі Атығай елі қаражат жинап, Петерборга Ресей патшалығына, жер аударылып кеткен Науанды босатып елге қайтаруға  рұқсат алуына, Жанбатыр қажы Бабаназарұлын  келіссөздер жүргізуге жібереді. [5;634б.] Нәтижесінде Н.Таласов пен оның шәкірті Ш.Қосшығұлов 1905 жылы тұтқыннан ақыры босатылады. Оның түрмеден босатылуында қазақ зиялыларының көбісі белсене қатысады. Солардың қатарында Ә.Бөкейханов пен М.Сердалиндер де бар еді. Ал енді, осы Науан Хазреттің жер аууы жайында кеңінен зерттеп, біраз мағлұмат жинаған Дадет деген кісі 1965 жылдың маусым айында Бурабайда С.Ғылманиге кеңінен баяндап берген көрінеді. [5;622б.]

         Көкшенің ұлы тұлғаларының бірі Ақан серінің өлең шумақтары, Әлихан Бөкейхановтың «Киргизы» кітабы, М.Жұмабаевтің очерктері, Сәбит мұқановтың «Аққан Жұлдыз» романы арқылы Науан Хазреттің діндар адам болғаны мәлім болды. Дегенмен, Науанның діни көзқарасы, ұстанған бағыты бізге әлі толық белгісіз. Сондықтан, С.Ғылманидің жазған «Заманамызда болған ғұламалардың ғұмыр тарихы» еңбегін оқып зерттегенімізде, Н.Таласовтың діни көзқарасы туралы айтылған пікірді таптық. Науан қадимдік бағытты ұстанған делінеді. Қадимдік бағыт – діннің ескі классикалық үлгісі деген мағынаны білдіреді. «Жәдиттерді жек көрген» - деп Ғылмани өз кітабында айтып өтті. [5;645б.] Науан, сонау Хасан әл Басри дәуірінде пайда болған жәдидтіктерді, исламдағы 73 тармағының бірі деп есептеген. Осыдан келесі нәтижені шығара аламыз: егер Науан қадимдік (ескі, классикалық) діни көзқараста болса, онда ол дәстүрлі ислам дінін ұстанғандығын білдіреді. Өйткені, қазақ даласына ислам діні алғаш VIII ғасырдың ортасынан бастап келе бастағаннан бері, қазіргі уақытқа дейін сүннеттік (әһли сунна уәл джама’а) жол кеңінен таралған еді. Науанның ойынша джадиттер му’тазилә мәзһабын ұстанушылар. Му’тазилә мәзһабы әрбір діни мәселелерде тек захирын (сыртқы мағынасын) ғана қабылдап, батыйнын (терең мағынасын) еш қабылдамайды. Сол себепті, Н.Таласов ешқандай діни ағым, саяси партия мүшесі емес, қарапайым дәстүрлі ислам дінін ұстанған өте білімді имам болғанын аңғарамыз. [5;653б.] Сондай ақ Науан Хазреттің сопылық жолмен байланысы бар ма жоқ па, осы сұраққа жауап іздеп көрген едік. Науан туралы біраз зерттеулерін жүргізіп, түрлі тақырыппен жарық көрген бірнеше мақаланың авторы Сарбас Ақтаевтың айтуынша, Науан Хазреттің медресесінде әсіресе шығыстың ұлы ақындарының еңбектері мен сопылық шайырлардың шығармалары оқытылыпты. [7;104б.] Осыдан түсінетініміз, Науан Хазрет өз шәкірттеріне сопылық ілімнен де біршама жаңалықтар ашқан болса керек. Осы орайда, тағы бір құнды дерекке тап болғанымызды айтып кетуді жөн көріп отырмыз. Сәбит Мұқановтың Шоқан Уәлиханов туралы жазған «Аққан жұлдыз» романында Науан туралы азғантай болса да мәлімет бар. Сол романда С.Мұқанов: «Ол (Науан) «Көкелташ» медресесінің үлгісімен «Хан медресесінде» ұлдар мен қатар қыздарды да оқытуға ниет етті», - деп келтірген. [7;105б.]

Біріншіден, Хазреттің Көкшетаудағы діни қызмет атқарған мешіті сол уақыттарда халық арасында «Хан мешіті» деп аталған, ал мешіт жанында жұмыс істеген медресе «Хан медресесі» деп аталып кеткен болатын. Екіншіден, бізге өте құнды әрі керекті дерек болып есептелетіні, ол С.Мұқановтың айтқан сөздерінен ұғатынымыз, Наурызбай Таласов шамасы Бұхарадағы «Көкелташ» медресесін тәмамдаған сияқты көрінеді. Бұл мәлімет біраз біздің көзімізді ашатыны анық. Неге десеңіздер, осы уақытқа дейін Науан Хазрет туралы ешбір зерттеулерде, кітап-мақалаларда Хазреттің Бұхарадағы білім алған медресесі туралы жалпы айтып өткендері болмаса, егжей-тегжейлі ешкім атап көрсетпеген болатын. Сол себепті, біз осы бағытта тереңірек зерттеп қарастыруды мақсат етіп отырмыз. Бізге сонымен қатар Бұхарада сол уақытта аса танымал деген медреселер қатарында "Мири Араб» медресесінің бар болғаны белгілі болды. Деректерде "Мири Араб» пен «Көкелташ» медреселері XIX ғасыр екінші жартысы мен XX ғасыр басында екеуі де танымал деп көрсетіледі. Сондықтан, Хазреттің Бұхарада оқыған медресесі нақты үзілді-кесілді тура «Көкелташ» болған-болмағаны бізге беймәлім. Дегенмен, С.Мұқановтың да, өз романында осы медресенің атауын көрсетуі тегінен-тегін емес. Егер осы бағытта зерттеу жүргізіп, «Көкелташ» медресесі туралы мәліметтер жинасақ, бұл да бізге Науанның діни ұстанымын түсінуге, саяси бағытын ұғынуға, жалпы өзіндік көзқарасын анықауға көп көмегін тигізетінінде күмән жоқ. Семейде орналасқан қалалық мұражайдың бірінші қабатында XIX ғасырдағы Абай Құнанбаевтың өзі білім алған діни оқу ордасы «Ахмет Риза медресесінің» экспозициясы бар. Сол экспозицияда Қазақстандық және Орта Азиялық медреселері туралы біршама деректер жинақталған. Мұражайда жинақ талған тарихи деректердің бірінде «Көкелташ» медресесінің негізі 1568 жылы қаланған деп көрсетілген. XIX ғасыр екінші жартысы мен XX ғасыр басында бұл медресе аты шулы әйгілі медреселердің бірі болып есептелді. Жоғары оқу орынына парапар саналған «Көкелташ» медресесіне Орта Азияда орналасқан мемлекеттерден, тіпті алыстағы шет елдерден шәкірттер келіп діни білім алуға, сауаттарын ашуға асығатын болған. Қазақ даласынан да «Көкелташ» медресесіне сауаттарын ашуға барғандар саны аз болмады. Солардың қатарында халық ақыны Ізтілеуов Тұрмағамбет, Қызылорда өңірлерінде имам-ұстаздық қызметті атқарған Қалмұхаммед Бөлекбайұлы т.б. ұлы тұлғалар болды. Олай болса, бұл медреседе Науан Хазрет те оқып шықты деп айтуымызға негіз бар.

Осы және басқа тың деректер негізінде Науаның бастан кешкен оқиғаларын біліп, оны зерттеп әрі қарай талдау жасау өте маңызды істердің бірі болмақ. Ғылыми зерттеулерді жүргізу барысында қорытынды жасап белгілі нәтижеге қол жеткізу үшін қарастырылатын мәселелер:

-       Науан Хазреттің өмірі мен атқарған қызметін зерттеу;

-       Науан Хазреттің діндарлығы мен діни көзқарасын талдау;

-       Науан Хазреттің жадидтік не қадимдік бағытын ұстауын анықтау;

-       Науан Хазреттің өмірі мен атқарған қызметі негізінде, XIX ғасыр соңы XX ғасыр басы аралығында Қазақстандағы қоғамдық-саяси өмірдегі ислам дінінің алған орнын айқындау;

Наурызбай Таласов 1916 жылы дүниеден озып, Көкшетаудың өзінде жерленеді. Осылайша, қазақ жері тағы бір рухы биік, білімі терең, парасатты да білікті, діндар, аспандағы шоқ жұлдыздай болған ұлы тұлғаларының бірінен айрылады. Ендігі мақсат-міндетіміз: әрі қарай да Науан Хазреттің өзінен кеін бізге мұра етіп қалдырған рухани құндылықтарды, патриоттық ұстанымды, діндарлық пен білім-ғылымға деген құштарлықты ұғынып, бойымызға сіңіріп оны еліміздің игілігіне айналдыру. Н.Таласовтың өмірбаянын, атқарған қызметтері мен соңынан қалдырған еңбектерін тағы да тереңдете зерттеп-зерделеп, ғылыми-практикалық түрде талдау жүргізе отырып, шыққан нәтиже бойынша тарихшыларды, дінтанушыларды, жалпы оқырмандарды хабардар етуіміз бүгінгі күні өзекті мәселелердің бірі болып қала бермек.

  

  1. 1.  «Очерк истории Семиречья», -Т.2.-1-Бөлім, Бартольд.В.В.
  2. 2.  «Как начиналось дело просвещения восточных инородцев», Чичерина.С., 1907ж.
  3. 3.  «Реликты домусульманских верований в семейной обрядности казахов (XIX-XXғ басы)», Толеубаев.А.Т., Алма-Ата; Ғылым, 1972ж.
  4. 4.  «Науан Хазірет», К.Абуев, Астана, 2011ж.
  5. 5.  «Заманамызда болған ғұламалардың ғұмыр тарихтары», С.Ғылмани
  6. 6.  «Идейно-политические течения в Казахстане конца XIXначала XX века», К.Бейсембиев, Алма-Ата, 1961ж,. 77-114б,.
  7. 7.   «Науан Хазірет», К.Абуев, Астана, 2014ж.

 Дайындаған Берікбол ЖАНАҚ

Оқы, ұнат, жазыл, бөліс!

https://www.facebook.com/abdulaziz.iskendir

Berikbol ZhanakBerikbol Zhanak
2 года назад 1202
3 комментария