Кел, дос болайық!
Кел, дос болайық!

Мүмин достықта адал

 

Жаратушы Алла Тағала «Зұхруф» сүресінің 67-аятында: «Сол күні тақуалардан басқа достар, бір-біріне дұшпан болады» - деді. Бұл аятта мүминдер үшін үлкен ғибрат бар. Осы өмірде өмір сүрген екі дос тақуа болған (Алладан қорқып) күйде мәміле жасасқан болса, ол екеуінің достығы ақыретте де жалғаспақ. Ал керісінше, қашан екі дос бір-бірін зұлымдыққа насихаттап, бірге күнә іс істесе, олар әлбетте ақыретте өзара дұшпан болып шыға келеді.

Ақыретте есеп-қисап кезінде, әр адам жалған дүниеде жасап қойған барлық ісіне Алла алдында жауапқа тартылады. Сондай жағдайдың болатының Алла Тағала Құран кәрімде бізге ескертіп: «Сол күні кісі бауырынан қашады. Шешесінен, әкесінен. Әйелінен және балаларынан. Ол күні әркімнің ісі ауыр. (Әркім өзінің істеген амалдарына уайымдайды. Әркім өз-өздерімен әлек болады), - деген. («Ғабәсә» сүресі, 34-37 аяттар)

Нағыз мүмин басқа бауырына бір ісін бітіріп берсе, шын ықыласпен, Алла ризалығы үшін жасайды. Ондай адам өзінің нәпсіқұмарлығына ермейді, басқа мұсылман бауырына деген қарым-қатынасында сондай адал болып келеді. Алладан қорқатын мүмин басқа мұсылман бауырына өзіне қалаған нәрсені қалайды, өзіне жақсы көрген нәрсені досына да жақсы көреді. Бұның өзі мұсылманның имандылығының бір сипатынан екенін Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар хадисте айтқан: «Сендердің біреуің өзіне жақсы көрген нәрсесін бауырына да жақсы кормегенше (шынайы) иман келтірген болып саналмайсыңдар». Басқа хадисте Убадата ибн Самит (р.а.) Алла Елшісінің (с.ғ.с.) былай деп айтқанын жеткізеді: «Алла ризалығы үшін бір-бірін жақсы көретін мүминдер Қияметте ешқандай көлеңке болмаған күні Алланың Аршысының көлеңкесінде саялайды». (Ибн Хиббан)

Әрбір мүмин бір-бірін туған бауырдай жақсы көруі керек. Егер тарихқа назар аударсақ, бәріміз Адам ата мен Һауа анадан тараған ұрпақтармыз. Демек, біздің бір-бірімізге деген сүйіспеншілігіміз бен құрметіміз туған бауырға жасаған ілтипаттай болғаны дұрыс. Жаратушы Алла «Хұжурат» сүресінің 10-аятында: «Шын мәнінде мүминдер (бір-біріне) бауыр (туыс), - деп айтты.

Шын туыс, дос болып жүргендер әр кезде бауырына тек жақсылық қалайды. Ал көреалмаушылық, қызғану, жек көру мұсылманға жат сипат болып табылады. Алла Елшісі Мұхаммед (с.ғ.с.) хадисте: «Бір-біріне кейіс білдірмеңдер, дұшпан болмаңдар, қызғанбаңдар, теріс айналмаңдар, Алланың құлдары болыңдар,бауырмал болыңдар», - деген. Дана бабаларымыз өлең шумағымен қысқаша қайырып былай деп айтқан: «Жалған жолдас көзіңе мақтар, сырт айналып сойылын баптар».

Йә, қазір арпалысқан, бәсекелестік кен етек жайған  бір заман. Сөйтіп кейбірі  заманды кінәләйды,  алайда уақыт кінәлі емес, керісінше адамның өзі кінәлі. Басқаны алдайды, арбайды, қиянат жасайды, өтірік айтады, күнә істерді жасауға азғыртады,  жаман ой-мақсаттарына жету жолында мұсылман бауырын өзінің арам пиғылдарына пайдаланады.

Егер екі мүмин дос болса, онда олардың достығы байлық, атақ-маңсапты көздемеуі керек. Бәлкім ол екеуінің достығы, Алланың ризалығына, шынайылық пен ықыласқа, адамгершілікке, тақуалыққа апаратын мәміле болғаны дұрыс. Бұл жөнінде хадисте: «Сендердің араларындағы достық Алла ризалығы үшін болған шынайы достық болсын», - делінген.

Құдси хадисте Алла ризалығы үшін бір-бірлерін жақсы көргендерге, Алла Өзінің мейірімі мен сауабын уәде етті. Олай болса әрбір мұсылман Алланың мейірімі мен мол сауабына ұмтылсын. Адал дос болу, әр мүминнің бойынан табылу керек болған мағынасы мол қасиет. Қашан мүмин адал дос емес өтірік дос болса, онда оның істеген ісі мұнафықтың (екіжүзді) амалынан болғаны. Ал екіжүздінің ақыреттегі жағдайы не болатыны бәрімізге Құран аяттарынан мәлім.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с): «Егер кім келесі үш қасиетке ие болса, онда ол иманның рахатын табады: Алланы және Алланың Елшісін (с.ғ.с.) басқасынан көбірек жақсы көрсе, басқа бауырын Алла ризалығы үшін жақсы көрсе, күпірлікке қайтуды тозаққа түсуді жек көргендей жек көрсе (діннің рахатын табады)», - деді. Сондай-ақ «Өзіңнен жолдасын мықты болсын», - деген қазақтың ертеден келе жатқан мақал сөзі бар.

Достық, адалдық жайында Құран кәрімде аяттар және Пайғамбарымыздың хадистері көп. Солардың кейбірін осы еңбекте келтіріп түсіндірдік.  Осыған орай айтатын қорытынды сөзіміз: ақыретте ешқандай көлеңке болмағанда Алланың Аршысының көлеңкесін саялауымызды қаласақ, онда достықта адал болатын мүминдердің қатарынан табылуымызға баршамыз тырысайық.

Дайындаған Берікбол ЖАНАҚ,

Астана қаласы

келіңіз, фейсбукта дос болайық!  https://www.facebook.com/abdulaziz.iskendir

 

 

Berikbol ZhanakBerikbol Zhanak
1 год назад 833
1 комментарий