• Жаратушы ием, Алла! •
• Жаратушы ием, Алла! •

Жаратушы ием, Алла!

Алла Тағала Құран Кәрімдегі «Әр-Рахман» сүресінің 29-шы аятында: «Көктердегі әрі жердегі әркім Одан сұрайды, Ол әр күні (сұраушылардың дұғаларына жауап берумен) шұғылдануда» - дейді.

Теңіз тебіреніп, жел қуып келген алып толқындар көтерілгенде, теңіз ағысымен жайбарақат келе жатқан кеме жолаушылары түгелімен мазасызданып қорқа бастайды. Сол алып теңіз толқыны (Алланың әмірімен) алып кемені батыруына сәл қалғанда, кеме жолаушылары бірауыздан: «О, Құдайым!» - деп дұға жасайды. Дәл осы сәтте, кемедегі барлығы (тіпті, өзін атеист санайтын ақымағына дейін) құтылуды Құдайдан тілейді.

Құтылу, құтқарылудың сан тәсілін пайдаланып, қолынан ешнәрсе келмегеннен соң, амалын таппастан, өзінің қаншалықты әлсіз жаратылыс екеніне көзі жетеді. Сөйтіп, ол жылайды, жалбарынады, тілейді, (Аллаға) уәде береді. Алла өз кеңшілігімен, мейір-рахымымен оларды құтқарады.

Бұл өмірде рахат бар, онымен кезектесіп алмасатын қиыншылық та бар, жақсылық пен жамандық бар. Әр адамның жеке өмірі, тағдыры сан-қилы. Біреу өзін бақытты санаса, екіншісі керісінше ойлайды. Бір адам өзіндегі қолында бар болған мүлкіне қанағат етіп өзін бай санауы мүмкін, ал екіншісі басқа ойда болады.

Кімнің басына қиыншылық келсе, кімді кедейлік пен таршылық басса, басқасы шешілмейтін түйінге тап болса, тағы біреуі ешбір ісі алға жүрмей, өмірден үмітін үзіп қайғы-мұңға берілсе, олар ертелі-кеш: «Йә, Раббым!» - деп дұға жасайды.

Дұға

Дұға етушілердің жайған алақандары, жылаған көздері, Аллаға бағытталады. Алланы еске алумен, жүрек тыныштық табады, көңіл тоқ болады, жүйке жүйесі рахаттанады, адам өз қалпына келіп, әсіресе иманы күшейеді. «Шура» сүресінің 19-шы аятында Алла Тағала: «Алла құлдарын өте аяушы. Кімді қаласа, несібе береді. Ол өте күшті, тым үстем» - деген.

«Алла» – есімдердің ең көркемі, ең ұлысы, әріптердің ең сұлуы, сөздердің ең бағалысы. Олай болса, «Сол аттан басқа білетінің бар ма? (Басқа Алла бар ма?)» («Мәриям» сүресі, 65 аят).

Ол (Алла) - пенделерге байлық, денсаулық, ризық-несібе, бала-шаға, мал-мүлік, сұраған тілегенін беруші. Күмәнсіз, расында Оның (Алланың) барлығына құдірет күші жетеді. Білесің бе Алланың айтқан мына аятын: «Ол күні олар кернеуге шығарылады. Олардан ешбір нәрсе Аллаға жасырын болмайды. Бүгін патшалық кімдікі? Тек қана жалғыз, тым өктем Алланікі (делінеді)» ("Ғафир" сүресі, 16-аят).

Пендені жақсы көретін, пендеге жақсылық жасайтын, жұмсақтық танытып, әр кезде жәрдемін беретін тек Алла Тағала. Пендені қиын жағдайда тастамайтын, сұраған нәрсесін бірден беретін, өз қамқорлығына, панасына алатын, ол жалғыз жаратушы Алла. «Нахыл» сүресінің 53-ші аятында: «Сендердегі әр нығмет Алладан. Содан кейін сендерге зиян жетсе, сонда оған жалбарынасыңдар» - делінген.

Біздерге нығмет (тура жол, денсаулық, байлық, атақ, мансап, тамақ, сусын, мал-мүлік, бала-шаға т.б) берген Алла Тағала. Біз құлшылық-ғибадатымызды, тілек-дұғаларымызды тек Аллаға ғана жасауға міндеттіміз. Демек, басымызға бәлекеттің қашан келетінін күтпестен, өміріміздің әр сәтінде (рахат пен қиыншылық, жақсылық пен жамандық, денсаулық пен ауру кезімізде) Алланы еске алғанымыз жөн. Келе жатқан қасиетті Рамазан айы оразасы баршамызға берекелі болғай! 

Дайындаған: Берікбол ЖАНАҚ

Berikbol ZhanakBerikbol Zhanak
1 год назад 1392
2 комментария
  • Дұға - мұсылманның қорғаны. Расында қиналғанда көбіне дұға жасап жатады. Соны дәл келтіріпті мына мақалада. Рақмет! Келе жатқан Рамазан біз секілді құлдар үшін жемісті болсын.
    1 год назад
  • Иә, адамдардың көбі тек қиналғанда ғана дұға ететіні рас. Кейін Аллаһ Тағала дұғасын қабыл алып, ісін шешіп берген соң Аллаһты ұмытып кететіндері тағы бар. Өкінішті-ақ...
    1 год назад