Жақсылық жасау модадан шықпайды
Жақсылық жасау модадан шықпайды

«Жақсылықжасап жүрміз бе?»


«Аллаға құлшылық қылыңдар. Оған еш нәрсені ортақ қоспаңдар. Және әке-шешеге жақындарға, жетімдерге, міскіндерге жақын көршіге, бөгде көршіге, жан жолдасқа, жолда қалғандарға және қол астыңдағыларға жақсылық қылыңдар. Негізінен Алла, тәкаппар, мақтаншақты жақсы көрмейді». («Ниса» сүресі, 36-аят)

Алла тағала құлдарына өзіне ғана құлшылық етіп, ешкімді, ешбір нәрсені оған серік қоспауға бұйырады. Расында Ол – жаратушы Алла, адам баласын жаратып, оған ризық беріп басқа мақлұқаттардан артық етті. Алла елшісі Мұхаммед (с.ғ.с.) Мұғаз ибн Жәбәлға:

«Сен Алланың құлдарына деген хаққысы не екенін білесің бе?» - деп сұрақ қойғанда, ол: «Алла және Оның елшісі білуші», - деді. Алла елшісі: «Оған (Аллаға) ғана құлшылық жасап, Оған ешнәрсені серік қоспау», - деді. Кейін Алла елшісі: «Егер осыны (жоғарыда айтылғанды) істесе, құлдардың Аллаға деген хаққысы не екенін білесің бе?» - деп сұрақ қойып, қойған сұрағына өзі: «Оларды (құлдарын) азаптамау» - деп жауап берді.

Аяттың жалғасында Алла тағала әке-шешеге жақсылық қылуға өсиет етеді. Алла тағаланың құлдарының тек өзіне құлшылық етіп, ата-анаға жақсылық жасау керек жөніндегі аяттары құранның көп жерінде кездеседі. Өйткені, Алла тағала адам баласының дүниеге келіп, жоқтан бар болуына ата-ананы себепші етіп қойған.

Жақындарға жақсылық жасау. Бұл жайында хадисте: «Міскінге садақа ол – садақа. Туыс-жақындарға арналған садақа ол – садақа әрі туыстық байланысты жалғастыру», - делінген. (ән-Насаи) Жетімдерге жақсылық жасау керек. Себебі олардың жәрдемдесетін туысқандары жоқ. Алла тағала сол жетімдерге жанашырлығымызды танытып қолымыздан келгенше жәрдемімізді көрсетуімізге бұйырған.

Жақын және бөгде көршіге жақсылық. Ибн Аббас: «Жақын көрші бір-бірін жақсы танитын екі көрші. Бөгде көрші бір-бірін танымайтын екі көрші», - деген. Мужаһид: «Бөгде көрші дегеніміз жолға, сапарға бірге шыққан екі кісі» - деп түсіндіреді. «Жақын көрші - мұсылман болған екі адам. Бөгде көрші – бірі мұсылман, екіншісі христиан немесе яһуди болған көршілер», - деп те келген жерлер бар.

Абдулла ибн Омардан Алланың елшісі былай дегені жеткізіледі: «Жәбрейіл (ғ.с.) маған көршімен қарым-қатынаста болу керектігі жайлы үнемі өсиет ететін, мен көршіге мұра қалдыру керек пе деген ойда қалдым». (Бұхари, Мүслім риуаят еткен)

Абдулла ибн Амр ибн Астан Пайғамбарымыздың былай деп айтқандығы жеткізіледі: «Алланың қасында жолдастың ең жақсысы – досына жақсы болғаны. Аланың қасында көршінің жақсысы – көршісіне жақсы болғаны». (Ахмад, Тирмизи)

Алла елшісі (с.ғ.с.) сахабаларына: «Зина жайында не айтасындар?» - деп сұрады. Олар: «Харам. Алла және Оның елшісі (с.ғ.с.) оны (зинаны) қиямет күніне дейін харам етті», - деді. Сонда Алла елшісі (с.ғ.с.): «Егер ер кісі он әйелмен зина жасаса, оның күнәсі ол үшін көршісінің әйелімен зина жасаудан жеңілірек», - деп айтты.

Ол (Алла елшісі): «Ұрлық жайында не айтасындар?» - деп сұрақ қойды. Олар: «Харам. Алла және Оның елшісі (с.ғ.с.) оны (ұрлықты) қиямет күніне дейін харам етті», - деп жауап берді. Сонда Алла елшісі: «Егер бір кісі он үйді тонаса, оның күнәсі ол үшін көршісінің үйін тонаудан жеңілірек», - деген екен. (Бұхари, Мүслім)

Жәбир ибн Абдулладан Алла елшісі Мұхаммед (с.ғ.с.) көрші жайында былай айтқаны жеткізіледі: «Көршілер үшеу. Бір көршінің бір хаққысы бар. Ол хаққысы жағынан басқа көршілерден ең төмені. Басқа бір көршінің екі хаққысы бар. Тағы бір көршінің үш хаққысы бар. Ол хаққы жағынан басқа көршілерден артығырақ.

Бір хаққысы болған көрші болса, ол мүшрик (Аллаға серік қосушы) көрші. Оған ешбір мейірімділік жасалмайды, тек көршілік хаққысы ғана беріледі де болды. Ал енді екі хаққысы болған көрші болса, ол мұсылман көрші. Ондай көршінің көршілік және мұсылманшылық хаққысы бар. Үш хаққыға лайықты көрші болса, ол туыс болған мұсылман көрші. Ондай көршінің біріншіден мұсылманшылық хаққысы, екіншіден көршілік хаққысы, үшіншіден туысқандық хаққысы болады».

Қол астыңдағыларға жақсылық. Алла елшісі (с.ғ.с.) өлім халінде болған кезінде: «Бес уақыт намазға берік болыңдар, қол астындағыларға көп жақсылық жасаңдар», - деп қайталап айтқан екен. Басқа бір хадисте Алла елшісі Мұхаммед (с.ғ.с): «Өзіңді тамақтандыруың, өзің үшін садақа. Балаңды тамақтандыруың да өзің үшін садақа. Әйеліңді және қол астындағы қызметшіңді тамақтандыруың да өзің үшін садақа», - деген.

Кейде кейбір кісілердің: «Кімге жақсылық жасасам екен? Қандай жақсылық жасасам екен?» - деп мардымсыз сұрақтар қоятындарына таң қаласың. Мұндай сұрақ қоятындар Алланың «Ниса» сүресінде ескерткен тәкаппар, мақтаншақтардың бірі шығар?! Әрбір мұсылман шама-шарқысы келгенше жақсылық пен ізгілік жасауда аянбау керек.

Имандылыққа көп амал жататын болса, соның бірі - жолдың үстінен басқа мұсылман бауырға зиян тигізетін затты алып тастау.

Олай болса, құрметті мұсылман бауырлар! Бұл қасиетті Рамазан айында әрбіріміз қолымыздан келгенше тағы да көбірек ізгі істер жасап қалайық. Өйткені Рамазан айында жасалған сауапты амалдар оннан бастап жеті жүзге дейін еселенеді.

Рамазан айы өткен соң да жақындарымызға, бөтендерге жақсылық жасауды әдетімізге айналдырайық. Алла бәрін көруші, естуші, білуші. Ниеттеріміз асыл, амалдарымыз қабыл болғай!

Дайындаған Берікбол ЖАНАҚ

Berikbol ZhanakBerikbol Zhanak
1 год назад 903
3 комментария