Дұға қашан қабыл болады?
Дұға қашан қабыл болады?

Ақиқатында дұға – мұсылманның қаруы, аспан мен жердің нұры. Дұға – құлшылықтың шынайы түрі.

Мұсылман адам дұғаның маңыздылығын және қандай күшке ие екендігін жақсы біледі. Құран Кәрімде Алла Тағала былай дейді: وَإِذَا سَأَلَكَ عِبَادِي عَنِّي فَإِنِّي قَرِيبٌ أُجِيبُ دَعْوَةَ الدَّاعِ إِذَا دَعَانِ Мағынасы: «(Мұхаммед Ғ.С.) егер құлдарым, Мен туралы сенен сұраса: «Өте жақынмын, қашан Менен тілесе, тілеушінің тілегін қабыл етемін. Ендеше олар да әмірімді қабыл етсін. Және Маған сенсін. Әрине тура жол тапқан болар еді» . Сондықтан, кім Аллаға жалбарынып мұқтаждығын сұрап, тілейтін болса, онда Алла Тағаладан міндетті түрде жауап берілетінін күтсін. Дұға жасап, жауабын Алладан күту, оның өзі - құлшылық. Жасалған дұғаның жауабын күту ұзаққа созылған сайын, пенде Алла Тағалаға жақындай түседі.

Негізінде Алла Тағалаға кез келген уақытта жалбарынып дұға жасауға болады. Алайда, дұғаның қабыл болу ықтималдығы жоғары болатын белгілі уақыттар мен кезеңдер болады. Енді, дұға қабыл болатын уақыттарға кеңінен тоқталып өтсек.

1.Түннің соңғы үштен бір бөлігі. Әбу Һурайрадан жеткен хадисте Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): يَنْزِلُ رَبُّنا كُلَّ لَيْلَةٍ إلى السَّماءِ الدُّنْيا حِينَ يَبْقَى ثُلُثُ اللَّيْل الآخِر فَيَقُولُ مَنْ يَدْعُونِي فأسْتَجِيبَ لَهُ؟ مَنْ يَسْألُني فأُعْطِيَهُ؟ مَنْ يَسْتَغْفِرُني فَأَغْفِر لَهُ؟ (мағынасы) «Раббымыз тәбәракә уә тағала әрбір түннің соңғы үштен бір бөлігінде аспан дүниесіне түседі де: «Маған дұға қылып жатқан кім бар екен, жауап берейін. Менен сұрап жатқан кім бар екен, сұрағанын берейін. Менен күнәсін кешіруді тілеп жатқан кім бар екен, кешірейін» дейді», – деді» . Имам Мүслим риуаят еткен хадисте жоғарыдағы сөздерге қосымша Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) былай деп айтқандығын қосып жеткізеді: فَلا يَزَالُ كَذَلِكَ حتَّى يُضِيءَ الفَجْر Яғни, «... және бұл таң атқанға дейін жалғаса береді» . Бұл - расымен де Алладан құлдарына берген ұлы бір мархаметі. Сол себепті, момындар мұндай мүмкіндікті барынша жіберіп алмағаны жөн. Түнгі уақыт тек дұға жасауға ғана емес, басқа да кез келген құлшылық-ғибадатқа лайықты шақ. Осы кезде жасалған мәнажаттың берілетін сауабы да ерекше екен. Өйткені, түнгі сәттерде мұсылман адам басқа дүниелік істерге аз алаңдайды және амалдарын риясыз орындайды. Тағы бір хадисте Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): أقْرَبُ ما يَكُونُ الرَّبُّ مِنَ العَبْدِ فِي جَوْفِ اللَّيْلِ الآخر، فإن اسْتَطَعْتَ أنْ تَكُونَ مِمَّنْ يَذْكُرُ اللَّهَ تَعالى فِي تِلْكَ السَّاعَةِ فَكُنْ Немесе «Пенденің Раббысына ең жақын болатын кезі – түннің соңғы бөлігі. Егер сол сағатта Алланы зікір етушілерден бола алсаң, бол» - деген.

2.Ораза ұстаған уақыт. Ораза ұстау, әсіресе Рамазан айындағы ораза – нағыз берекелі уақыт. Аузы берік адам ораза кезінде әсіресе Аллаға жақындай түседі. Сондай-ақ ораза ұстау жасандылықтан, риягершіліктен әлдеқайда алыс. Себебі, аузы берік адам өзгеге «Мен оразамын» деп айтпайынша, оның ораза екенін Алладан басқа ешкім біле бермейді. Дәл осындай сәтте ораза ұстаушы өзінің Алла Тағала алдындағы әлсіздігін, мұқтаждығын, пәрменсіздігін толық сезініп, түсінеді. Ораза ұстаушы мұсылман оразаны пайдаланып Алладан қалаған нәрсесін сұрауына болады. Оның сұраған дұғасын Алла Тағала жауапсыз қалдырмайды. Бұл туралы Әбу Һурарйрадан (р.а.) жеткен хадисте былай делінеді: ثَلاَثَةٌ لاَ تُرَدُّ دَعْوَتُهُم: الصَّائِمُ حَتَّى يُفْطِرَ، وَالإِمامُ العادِلُ، وَدَعْوَةُ المَظْلُومِ Қазақша айтсақ, «Үшеудің дұғасы кері қайтарылмайды: Ораза ұстаушының ауыз ашар алдындағы дұғасы, әділ басшының дұғасы, мазлум болғанның дұғасы», - деген екен. Аузы берік адам ораза кезіндегі дұғасы қайтарылмайтыны секілді, ауызашар сәтідегі жасалған дұға да қабыл болады. Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) жеткен хадисте:  إنَّ للصَّائِمِ عِنْدَ فِطْرِهِ لَدَعْوَةً ما تُرَدُّ Мағынасы: «Расында ораза ұстаушының ауыз ашар алдындағы дұғасы қайтарылмайды» .

3.Жұма күні жасалған дұға. Жұма – күндердің сұлтаны. Жұма күні мұсылмандардың мейрамы. Жұмада жасалған әрбір ізгі амалдың сауабы да ерекше. Ал жұма намазы болса, мұсылмандардың бас қосып бір жерге (яғни мешітке) жиналытын уақыты, міскіндердің қажылығы. Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жұма туралы былай деген: «Алла Елшісі (с.ғ.с.) бірде жұма күні туралы уағыз айтып жатып: «Онда бір сағат бар, қайсыбір мұсылман оған дөп келіп, намаз оқып тұрған күйінде Алладан бір нәрсе сұраса, сұрағанын береді» . Осыған байланысты, жұма күні әр сәтін пайдаланып, Алла жасырған уақытқа сәйкес келу үшін, дұғаны көп жасаған абзал.

4.Азан мен қамат арасындағы сәт. Әнәс ибн Мәлик (р.а.): «Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Азан мен қамат арасындағы дұға кері қайтарылмайды. Сол уақытта дұға қылыңдар» деді» , – деген.

5.Құран Кәрім оқығаннан кейінгі дұға. Құран Кәрім толықтай немесе бір бөлігі оқылғаннан кейін дұға жасау дінімізде рұқсат етілген, әрі құпталған амалдардың бірі. Құран оқылған жерде Алланың нұры жауып, Құранды есту үшін періштелер көптеп жиналады. Ибн Утайба былай деген: «Бірде Мужаһид пен Абда ибн Әбу Любаба мені (кісі жіберіп) шақыртып алды. Мен оларға келгенімде, олар маған: «Расында, біз сені шақырған себебіміз, Құранды тилауат етуді (оқуды) аяқтап жатқан едік. Ал Құран оқудың соңында жасалған дұға қабыл болады», – деді». Сәбит әл-Бунани былай деп айтатын: «Әнас ибн Мәлик (р.а.) Құранды түгелдей оқып аяқтаған кезде, бала-шағасы мен отбасы мүшелерін жинап, Аллаға дұға ететін еді».

6.Қадір түнінде жасалған дұға. АллаТағала Қадір түні туралы: «Шындығында Құранды Қадір түнінде түсірдік. (Мұхаммед!) Қадір түнінің не екенін білесің бе? Қадір түні мың айдан да қайырлы. Бұл түні періштелер мен Жәбірейіл Раббыларының рұқсатымен Оның барлық әмірлерін орындау үшін төмен түседі. Ол түн таң атқанша бейбіт болады» , – деп айтқан. Ізгі алғадайлар осы түнді пайдаланып, көбірек құлшылық жасап, дұға тілеуге барынша тырысқан. Айша (р.а.): «Бірде Алла Елшісінен (с.ғ.с.): «Уа, Алла Елшісі! Егер мен түннің Қадір түні екендігін білсем, не деуім керек?» – деп сұрағанымда ол: «Уа, Алла! Шындығында Сен Жарылқаушы әрі Жомартсың, жарылқағанды жақсы көресің. Мені де жарылқай гөр!» деп айт» деді» , – деген. Яғни, бұл хадистен түсінетініміз, момын мұсылман Қадір түнінде көбірек дұға тілеп, Алладан жарылқау сұрағаны абзал.

7.Парыз болған намаздардан кейін дұға жасау. Намаз соңында жасалған дұға, тез арада қабыл болатын дұғалардың бірі болып табылады. Осыған байланысты, Әбу Үмәмәдан (р.а.) жеткен хадисте: قِيلَ يَا رَسُولَ اللهِ أَيُّ الدُّعَاءِ أَسْمَعُ؟ قَالَ: جَوْفَ اللَّيْلِ الآخِرِ، وَدُبُرَ الصَّلَوَاتِ الْمَكْتُوبَاتِ Яғни, «Бірде адамдардың бірі: «Уа, Алланың Елшісі! Қай дұға тез қабыл болады?» – деп сұрағанда, Ол (с.ғ.с.): «Түннің соңғы бөлігі мен парыз намаздарының соңы», – деп жауап береді», – делінген.

8.Жаңбыр жауған сәт. Жаңбыр кезінде жауынмен бірге Алланың мейірімі де түседі. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): اطلبوا استجابة الدعاء عند ... نزول الغيث Немесе  «Жаңбыр жауған сәтте Аллаға дұға жасап жалбарыныңдар», – деп өсиет еткен.

9.Зәм-зәм суын ішкен кезде. Зәм-зәм суын ішкенде мұсылман адам қажырлылық танытып, ең маңызды деген нәрселерді Алладан сұрауы тиіс. Жасаған дұғаларда осы дүниеге қатысты мәселелер бойынша және әсіресе ахирет ісіне байланысты ниет-тілектерді сұрауға болады. Дұға жасаған кезде тек өзіне қатысты ғана емес, барлық мұсылман бауырларға тілек тілеу аса маңызды. Жәбир (р.а.): «Пайғамбар (с.ғ.с.): «Зәмзәм суы ішкен ниетіне байланысты» , – деген. Яғни, нені қалап сұрайтын болсаң, Алла соны береді.

Дұға қабыл болатын бұдан басқа көптеген уақыттар (сәттер) бар. Біз осы мақалада тек кейбірін ғана атап өттік. Басыты, әр мұсылман күнделікті күйбең тіршілікте орындаған құлышылығымен қатар, жасайтын дұғасына да аса мән беріп, Алла Тағала ешбір шүбәсіз құлдарының үнін еститініне кәміл иман еткендігі дұрыс.  

Әзірлеген: Берікбол ЖАНАҚ

Berikbol ZhanakBerikbol Zhanak
1 месяц назад 737
Комментарии закрыты.
О блоге
0
6357 43 71 217 43