Бұлдаушылардан болма!
Бұлдаушылардан болма!

Жасаған жақсылығын бұлдаушы

Мұсылман адам әрқашан өзінің мұсылман бауырыңа шамасы жеткенше жәрдемдесуі керек. Оның жәрдемі әртүрлі болуы мүмкін. Біреуі ақша-қаражаттармен жәрдемін тигізсе, тағы басқасы жақсы сөздер айтып жұбатумен, көңіл айтумен көмегін тигізеді. Дегенмен, адам баласы «пенде» болғандығынан, бұл өмірде, күнделікті тұрмыс-тіршілікте пендешілікке барып қойып жатады.

Мәселен, бір мұсылман адам басқа мұсылман бауырына бір жақсылық жасаған болса, істеген жақсылығын міндетсінгені дұрыс болмайды. Бұл жайында Алла тағала Құран кәрімде Бақара сүресінің 262-ші аятында: «Сондай қайыр істегендер, бергендеріне міндетсу, ренжіту араластырмаса, (беріп алып бұлданбаса, кейітпесе) оларға Раббыларының құзырында сыйлық бар. Сондай-ақ оларға қорқыныш жоқ, әрі олар қайғырмайды» - деген.

Қашан қайсыбір адам, екінші біреуге жақсылық жасаса, ол одан жауап күтпеуі керек. Мен оған жақсылық жасадым, ол да маған тура солай жақсылық жасап қайтарсың деп дәмеленбестен, жауапты, қайырлықты тек Алладан күткеніміз дұрысырақ. Өйткені Алла тағала әрқайсымыздың әрбір істеген амалымызды, ниеттерімізді біздің өзімізден де білушірек. Сол себепті, әрбір мұсылман сауапты Алладан үміт ете отырып, кайырлықты есептеусіз (біреуге жақсылық жасап, өзіне сол кісіден жауап қайтарылуын күту) әркімге жасай береді. Өйткені берілетін сауап адамнан емес, жаратушы Алладан болады.

Бақара сүресінің 263-ші аятында: «Көркем сөз және кешірімділік, артынан бұлдану, кейіту араласқан садақадан жақсы. Алла бай, жұмсақ» - делінген. Көркем сөзді әркім әртүрлі мағынада түсінуі мүмкін. Ибн Касир өзінің Құранға жазған тәпсір кітабында: «Көркем сөз дегеніміз – мұсылман бауырыңа айтқан тек жақсы сөздер мен ол үшін Алладан тілеген жақсы дұғаң» - деп түсіндіреді. Көркем сөз айтумен қоса, әрқашан кешірімді болу абзал. Егер кешірсең, кешірілесің деген қағида бар. Бір адамға қанша жақсылық жасасаң да, ол саған ісімен не айтқан сөзімен зиян тигізді ме, сен болған істі Аллаға тапсыр да оны кешіре сал.

Имам Муслимнің риуаят еткен бір хадисінде Алла елшісі:
«Қиямет күні Алланың тіл қату бақытынан мақұрым қалған үш топ бар. Алла тіпті олардың жүзіне де қарамайды. Әрі күнәларынан арылтып тазартпайды да. Оларға жан түршігерлік азап бар. Олар: киімдерінің етегін жерге жайып жүруші, жасаған жақсылығын бұлдаушы және жалған ант етіп, саудасын жүргізуге тырысқан адамдар»,дейді.

Барлығымыз болмасақ та, көпшілігіміз садақа береді. Садақаны әр адам өзінің жағдайына қарап беріп жатады. Исламдағы садақа, зекеттер бүгінгі тілмен айтканда, әр мұсылманның төлейтін салығы. Әрине, садақаны беруіміз өте дұрыс амал. Десек те, кейбіреулер бар, садақа берсе, басқа адам көрсің, білсің деп риямен, көзбояушылықпен жасап жатады. Ал бұл өз алдына Аллаға кіші серік қосумен тең келеді, яғни үлкен күнә.

Садақа бергенімізде, міндетсінуіміз немесе рия (көзбояушылықпен, біреу көрсің деп) жасауымыз дұрыс болмайды. Бұл жайында жаратушы Раббымыз Алла келесі аятта өте тура айтқан: «Әй мүміндер! Аллаға, ақирет күніне сенбей, адамдарға көрсету үшін мал сарып қылған кісідей, садақаларыңды міндет қылу, ренжітумен жоймаңдар. Міне соның мысалы: Үстінде топырағы бар тас сияқты, оған қатты нөсер жауса, (топырағын шайып) тас күйінде қалдырды. Олардың еңбектері еш болады. Алла қарсы болған елді тура жолға салмайды». (Бақара сүресі, 264 аят)

Айтылған сөздерді қорытындылайтын болсақ. Мұсылман бауырларымызға жақсылық жасауымыздан шаршамайық. Істеген қайырларымыз, садақаларымыз үшін есептеспейік. Жақсылықты танитын туыс-жақындарымызға, көршілерімізге, достарымызға болса да, танымайтын басқа мұсылман бауырларымызға болады ма, оның сауабын Алладан күтейік. Жақсылықтың қайтарылуын адамнан емес Алладан болатынына үміттенейік.

Дайындаған Берікбол ЖАНАҚ

 
Berikbol ZhanakBerikbol Zhanak
1 год назад 571
4 комментария