Шайтан кедейлікпен қорқытады
Шайтан кедейлікпен қорқытады

Шайтан кедейлікпен қорқытады

Расында, Алла тағала біздерді жоқтан бар етті. Әрбірімізді жаратқан Алла, әрқайсымызға ризық-несібемізді белгілеп қоғамдық деңгейімізді, әлеуметтік жіктерімізді әртүрлі етті. Сәйкесінше, бұл өмірде біреуіміз бай болсақ, біреуіміз кедейміз. Сондай-ақ Алла тағала біздердің бойымызға түрлі қасиеттерді сіңдірді. Бір мұсылман жомарт қасиетіне ие болса, басқа мұсылыман сараң болып келеді.

Осыған орай Алла тағала өз құлдарына берілген несібелерімен сынайды. Біреуді молшылықпен сынаса, басқамызды таршылықпен сынауы мүмкін. Дегенмен, Алла осылай жаратты екен деп, кедей, сен қалай өмір сүрсең өзің біл деген сөз емес. Алла бізге берген несібеден, басқа бауырларымызбен де бөлісуіміз қажет. Ал енді, сол беріп жатқан нәрселеріміздің кем тұстары болмау керек. Берген соң, дұрысынан, жақсысынан, сауынан бергеніміз әлдеқайда жақсырақ.

Бақара сүресінің 267-ші аятында: «Әй мүміндер! Табыстарыңның және сендер үшін жерден шығарған нәрселеріміздің жақсыларынан, тиісті орынға жұмсаңдар. Ал және өздерің көздеріңді жұмып әрең ғана алатын сапасыз нәрсені Алла жолында беруді ойламаңдар. Біліңдер, Алла бай, мақтаулы» - делінген.

Өміріміздің өзі де солай жасалған, көршілер, туыстар бір-біріне, байлар кедейлерге, күштілер әлсіздерге көмектесуі керек. Тіпті, егер сен басқаларға жәрдемдесем деп кәсіппен айналысатын болсаң, Алла тағала саған несібені арттырып береді. Сен кәсіппен айналыс, табыстарға қол жеткіз, мал-дүние тап, бірақ сонымен қатар тапқан несібелеріңнен басқалармен бөлісуді ұмытпа.

Кейде келесі жағдай болып жатады. Біз бір бауырымызға жәрдемдескіміз келсе, ішімізден бір ой келеді. Ол ой бізге: «Берме, қайтесін, өзі тапсын. Оған беремін деп, өзің кедейленіп қалма!» - деп жатады. Немесе, оған бергеніміздің өзінде, сол беріп жатқанымыз ақауы бар, нашар, жарамсыз нәрсе болуы мүмкін. «Ей, осы беріп жатқаным да бұл кісіге жарай береді, осыған да қанағаттансың» - деп ішімізден айтып жатамыз.

Ал, негізінде: (Алла тағала біздерге) «Шайтан сендерді кедейлікпен қорқытады да арсыздықты әмір етеді. Ал Алла сендерге өз қасынан жарылқауды, кеңшілікті уәде етеді. Алла аса кең, толық білуші» - дейді. (Бақара сүресі, 268 аят)

Абдулла ибн Масғудтан (Алла одан разы болсын) Алла елшісі Мұхаммедтің (с.ғ.с) былай дегенін жеткізеді: «Расында Алла тағала сендердің араларында ризықтарынды бөліп бергендей, мінез-құлықтарынды бөліп берген. Шынында Алла дүниені сүйген құлына да, сүймеген құлына да береді. Ал дінді (тақуалықты) тек сүйген құлдарына ғана нәсіп етеді.... (хадис жалғасында) жаман жаманмен өшірілмейді, алайда жаман жақсымен өшіріледі».

«Өзіңе қалаған нәрсені өзге бауырыңа да қаламайынша имандарың кәміл болмайды» (Бұхари, Мүслим) – деген хадис бар. Ал енді былай қарасақ, біз өзімізге жаман, нашар, сапасыз нәрсені қаламаймыз. Әрине, біз өзімізге дұрысын, сауын, жақсысын қалаймыз. Сол себепті де, мұндай сауапты амалдарды істеу әрқайсымыздың қолымыздан келмейді. Бұны ақыл иелері (ой жүгіртетіндер) ғана түсіне алады. Алла тағала қасиетті Құранның Бақара сүресінің 269-шы аятында бұл жайында былай дейді: «Алла хикметті (терең білімді) қалаған құлына береді. Ал кімге білім берілсе, оған көптеген игілік берілген болады. Бұны ақыл иелері ғана түсіне алады».

Қорытындылайтын болсақ, тапқан табыстарымыз адал, одан басқа мұқтаждармен бөлісетіндеріміз жақсысынан болуы тиіс. Өзімізге қалаған жақсыны, басқаға да қалауымыз жөн. Алла бізге берген нығметтерімізден басқаға бөліскенімізде, сапасыз нәрсені беруіміз дұрыс емес. Осыған орай, Алладан өзімізге адал кәсіппен айналысуды, жомарттық, хикметтік (терең білімді) сияқты қасиеттерге ие болуды тілейік. Өйткені Алла осы қасиеттерге ие болғандарға өз қасынан жарылқауды, кеңшілікті уәде еткен. Алла аса кең, толық білуші. Келе жатқан Рамазан айы оразасы баршамызға мүбәрак болғай!

Дайындаған Берікбол ЖАНАҚ

(Абдулазиз Искендир)

оқы, жазыл, пікір жаз, ұнат, бөліс!

 

https://www.facebook.com/abdulaziz.iskendir

https://twitter.com/Twit_Abdulaziz

 

ислам, иман, шайтан, дүние, тіршілік, кедей, жақсылық, ақша, байлық, кедейлік, бай, қорқыту, ихсан, жамандық, насихат, үрей, алдау, арбау, мансап, атақ, қорқыныш, қорқу
Berikbol ZhanakBerikbol Zhanak
1 жыл бұрын 833
2 пікір