Ең қайырлы үй
Ең қайырлы үй

Ең қайырлы үй

Жетім – ата-анасының бірі немесе екеуi де бірдей қайтыс болған баланы айтады. Бұдан бөлек қоғамда, өкінішке орай, «тірі жетім» аталып кеткен балалар бар. Тірі жетім деп – ата-ана құқықтарының шектелуiне немесе олардан айырылуына, ата-анасы хабар-ошарсыз кеттi деп танылуына, әрекетке қабiлетсiз (қабiлетi шектеулi) деп танылуына, ата-анасының бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеуiне, ата-анасының баласын тәрбиелеуден немесе оның құқықтары мен мүдделерiн қорғаудан бас тартуына, оның iшiнде ата-анасының өз баласын тәрбиелеу немесе емдеу мекемелерiнен алудан бас тартуына байланысты, ата-анасының бірі немесе екеуiнiң де қамқорлығынсыз қалған баланы айтуға болады. Ал, шариғатта анасы тірі болып, әкесінен айырылған болса, ондай баланы да жетім деп атайды.

Жетім көрсең жебей жүр

Әсілі, ислам діні жетімдердің құқығының қорғалуына аса үлкен мән береді. Жетімдерге қатысты көрсетілетін әділетсіздік пен зұлымдықтың кез келген түрі қатаң ескертіледі. Бұл туралы Құран Кәрімде: «Негізінен сондай жетімдердің малдарын зұлымдықпен жегендер, олар қарындарын от пен толтырған болады. Сондай-ақ жалындаған тозаққа кіреді»[1], – делінген. Тағы бір аятта: «Жетімнің малына жақындамаңдар; бірақ ол, есейгенге дейін жақсы басқаруға болады. Өлшеуді, тартуды туралықпен орындаңдар. Біреуге шамасы келетінді ғана жүктейміз. Жақындарың болса да әділдікті айтыңдар. Және Алланың уәдесін орындаңдар. Осыларды Алла нұсқады. Түсінерсіңдер. Күдіксіз Менің тура жолым осы. Енді соған еріңдер. Басқа жолдарға түспеңдер, сонда сендерді Алланың жолынан айырады. Сендерге осыларды Алла нұсқады. Сақтанарсыңдар»[2], – деп келген.

Алла Тағаға Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарға: «(Мұхаммед ғ.с.) олар сенен жетімдер туралы сұрайды. Оларға: «Жетімдерді түзету жақсы. Тіпті оларды қосып алсаңдар, сонда олар туыстарың. (бөтендігі жоқ)...» де»[3], – деп, жетімдерге жақсы, көркем түрде қарайласу керек екендігін айтады. Сонымен қатар, хадисте Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Мен және жетімді өз қолына алған адам мына екеуі сияқты (жәннатта жақын аға інідей туыс) боламыз (сұқ саусақ пен орта саусақтарын көрсетті[4], – деп, жетімге қарайласушының ақыреттегі мәртебесін нұсқаған.

         Жетімді өз қолына алатын кісіге келесідей бірнеше талаптар қойылады:

         - жетімнің ешкімнен кем түспейтіндей (адал тамақтан) ішіп-жеуін қамтамасыз ету;

         - тұратын жері, яғни баспанамен қамтамасыз ету;

         - киетін киімдері (бүтін) болу, аурып қалса емдету;

         - басқа құрдас-құрбылардан (жан-жақты даму жағынан) кем болдырмау;

         - баратын жеріне (мектепке, қосымша курстарға, әр түрлі қоғамдық іс-шараларға) қиындықсыз, (жаяу, көлік түрімен) емін-еркін жету;

         - тәрбиесімен айналысу және білімін дамыту, т.б. маңызды мәселелер жетімге қарайласушының мойынына міндеттеледі. Ал, егер осының қайсысына жеңіл қарап, орындамай қойса, немесе орындалуына кедергі келтіретін болса, онда жетімнің құқығына қиянат жасаған болып есептеледі. Осыған байланысты, Имам Нәуәуи былай деп айтқан: «Жетімді өз қолына алған адам, жетімнің азығына, киіміне, әдебіне, тәрбиесіне және бұдан да басқасына жауапты».

         Әбу Дәрдәдан (р.а.) жеткен хадисте: «Алла Елшісіне (с.ғ.с.) бір кісі келіп, өзінің жүрегінің қаттылығына шағымданады. Алла Елшісі (с.ғ.с.) оған: «Жүрегің жібіп, қажетің орындалғанын қалайсың ба? (Онда) жетімге мейірімді бол, басын сипа, тағамыңнан тамақтаңдыр, жүрегің жұмсарып, қажетің іске асады», дейді»[5], – деп келтіріледі. Ислам діні ғалымдары жетімдерді құрметтеп, оған қуаныш сыйлап, оларды ешбір кемсітпеуді мұстахаб[6] амал деп санаған. Осы орайда, жетімді өз қолына алушы адам, жетімді ол (яғни жетім) аяққа тұрып, қанаты қатайып, өз басын өзі алып жүре алатын кезге келгенге дейін көркем түрде қарайласатын болса, онда ондай адамға Алла Тағала үлкен сый дайындап қойғандығы белгілі. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кім жетімді, Алла оны (жетімді) байытқанға дейін, өз қолына алып қараса, оған жәннат уәжіп болады»[7], – деген.

         Жетім балалар Ислам дінінде екі (қамқорлыққа, мейірімділікке, қарайласуға мұқтаж болған) әлсіз топтың бірі болып есептеледі. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) осы екі топ үшін Алладан жәрдем сұрап: «Аллам! Расында мен екі әлсіздің хақысы үшін қиындыққа ұшырауынан сыйынамын: жетімнің хақысы және әйел затының хақысы»[8], –  деп, дұға етуші еді.

         Қорыта айтқанда, жетімге жасалған жақсылық, жасаушыға артығымен қайтарылып беріледі: жүрек жай табады, қажеті орындалады, жәннатта Алла Елшісімен (с.ғ.с.) болады, тозақ отынан құтылады[9], күнәсі кешіріліп, сауап жазылады және дәрежесі артады. Ақиқатында, жақсылық жасалған жетімі бар үй – мұсылмандардың үйлері арасындағы ең қайырлы үй[10].

Берікбол ЖАНАҚ

[1] «Ниса» сүресі, 10-аят.

[2] «Әнғам» сүресі, 152,153 аяттар.

[3] «Бақара» сүресі, 220-аят.

[4] Имам Бұхари.

[5] Имам Табарани.

[6] Діни терминде «таңдаулы», «ең көркем амал» деген мағынаны білдіреді.

[7] Имам Ахмад, Имам Табарани.

[8] Нәсәи.

[9] «Инсан» сүсесінің 8-11 аяттарын қараңыз.

[10] Имам Бұхари, «Әл-Әдәб-уль-Муфрад» кітабынан.

ислам, шариғат, аят, хадис, үй, дін, Мұхаммед, Алла, Берікбол, Жанақ, жетім, қайырлы, хайырлы
Berikbol ZhanakBerikbol Zhanak
21 күн бұрын 216
Пікір білдірілмейді.
Блог туралы
0
6357 43 71 217 43