♥♥♥ Бақыт гүлі ♥♥♥
♥♥♥ Бақыт гүлі ♥♥♥

Рахат өмір сүруді қалайтын әрбір мұсыл-манға арналған раушан гүлінің он жапырағы бар. Бұл бақыт гүлін қарайлап, баптап өсіру керек. Егер гүлді жақсы күтсең, ол өсіп, өніп, өз әдемілігімен сені қуантады. Керісінше, оған су құймасаң, күтіп бақпасаң, гүл солып қурайды. Төменде раушан гүлінің он жапырағы сипатталған. Олар қандай жапырақ екенін түсініп алған соң, біз де сол бақыт гүліне ие болайық.

Раушан гүлінің 1-жапырағы: Сухур (таң сәрі) уақытында Алланы зікір ету. «Олар (мүміндер) таң сәріден жарылқау тілеушілер» («Әли Имран» сүресі, 17-аят). Тәпсірлердің бірінде таң сәріден жарылқау тілеушілер деген сөздерге таң намазын оқитындар деп мағына берілген.

Раушан гүлінің 2-жапырағы: Жеке қалып, Алланың кереметтері туралы ойлау. «Олар (мүміндер) тіке тұрып, отырып, жамбасынан жатып (әр халде) Алланы еске алады. Сондай-ақ, олар көктер мен жердің жаратылуы жайында ойланады да: «Раббымыз! Сен мұны босқа жаратпадың. Сен пәксің, бізді от азабынан сақта!» («Әли Имран» сүресі, 191-аят).

Раушан гүлінің 3-жапырағы: Ізгі адамдармен қатынасу. Аллаға құлшылық ететін, Алладан қорқатын, әрдайым діни ілімді ізденетін салиқалылармен бірге болу. «(Мұхаммед ғ.с.) таңертең, кешке Раббыларына, Оның дидарын іздеп, жалбарынғандармен бірге өзің де сабыр ет» («Кәһф» сүресі, 28-аят).

Раушан гүлінің 4-жапырағы: Алланы әрдайым еске алу. Алланың нығметіне шүкір етіп, жіберген сынақтарына сабырлық таныту. «Әй, мүміндер! Алланы өте көп зікір етіңдер. Оны ертелі-кеш пәктеңдер» («Ахзаб» сүресі, 41,42-аяттар).

Раушан гүлінің 5-жапырағы: Намаздың қайсысын оқысаң (парыз, уәжіп, сүннет), шын жүрекпен, ықылас сезімімен орындау. Сен Оны көрмесең де, Ол сені көріп тұрғандай намаз оқу. «Олар сондай мүміндер, намаздарында іштей жалбарынады» («Мүминун» сүресі, 2-аят).
Раушан гүлінің 6-жапырағы: Құран оқыған кезде, әрбір сөзінің мағынасына ақыл жүгіртіп терең түсіну. «Әйтпесе олар Құранды түсінбей ме? Немесе олардың жүректері құлыптаулы ма?» («Мұхаммед» сүресі, 24-аят).

Раушан гүлінің 7-жапырағы: Қыстың қатты суығында, жаздың қатты ыстығында, жылдың қай мезгілі болмасын, Алланың ризалығы үшін шынайы түрде Рамазан айындағы бекітілген парыз оразаны ұстау. Алла тағала: «Пендем тамағын, суын, нәпсі қалауларын Мен үшін өзінен тыйды», – дейді.

Раушан гүлінің 8-жапырағы: Садақаны барынша жасырын түрде беру. Бұл дегеніміз, садақа беруші адам садақа берген кезде, бір сәт болса да тәкаппарлыққа, рияшылдыққа бой алдырмауы керек. Хадистерде келтірілгендей, сол қолы оң қолының садақа беріп жатқанын білмеуі тиіс.

Раушан гүлінің 9-жапырағы: Мұсылман бауырдың қайғы-мұңын сейілту. Мұсылман бауырға қиын жағдайда көмектесіп, қол ұшын созу. Әркімге мүмкіндігінше жәрдем беріп, рухани не материалдық қолдау көрсетіп отыру. Әбу Хурайра (р.а.) Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) былай деп айтқанын жеткізді: «Кім мүмінді бұл дүниедегі бір қайғысынан құтқарса, Алла оны қияметте бір қайғысынан құтқарады. Кім жағдайы жоқ борышкердің қарызын жеңілдетсе, Алла оған бұл дүниеде де, ақыретте де жеңілдетеді. Кім мұсылманды қорғаса, Алла оны бұл дүниеде де, ақыретте де қорғайды. Алла Өзінің құлына, ол бауырына көмегін көрсеткенше көмектеседі. Егер адамдар Алланың үйінің біріне жиналып, Алланың кітабын оқып, бір-біріне үйрететін болса, әлбетте оларға тыныштық түседі және оларды мейірім орап, періштелер қоршауына алады және Алла оларды Өзінің жанындағы (періштелердің) алдында еске алады. Кімді амалдары ұстайтын болса, оның тегі оны алға жылжуына көмек көрсете алмайды» (Мүслім).

Раушан гүлінің 10-жапырағы: Бұл пәни жалған дүниеде тақуа болып өту. Дүниенің сәніне қызығып жабысып алмай, мәңгі өмірді, Алланың алдына баратын уақытты ойлау. «…Cендер дүние тіршілігін артық көресіңдер. (Алайда) Ақырет (сендер үшін дүние тіршілігінен) қайырлы да тұрақты» («Ағлә» сүресі, 16, 17-аяттар).

Бақыт гүлін әр адам өзіне басқа түрде жасауы мүмкін. Раушан гүлінің он жапырағын, басқа амалдармен ауыстыруға да болады. Бұл жерде әрқайсымызға түсіну керек болған негізгі ұғым бар. Алланың ризалығына жететін амалдарды орындап, «істе» деп бұйырғанына мойынұсынып, «сақтан» деген ескертуінен алыс жүруіміз – ең маңыздысы осы. Алла Тағала бәрімізге екі дүниенің рахатын нәсіп етсін!Келе жатқан Рамазан айы оразасы баршамызға берекелі болғай!

Дайындаған Берікбол ЖАНАҚ

мақала жеке мұрағатымнан алынды: 22.07.2013ж

оқы, жазыл, пікір жаз, ұнат, бөліс!

намаз, өмір, Ақырет, ислам, жаза, иман, ораза, тақуа, тіршілік, садақа, рамазан, сауап, жәннат, ихсан, жапырақ, зікір, бақыт, Раушан, гүл, роза, рахат, сухур, ахирет, сақтан, сақтану
Berikbol ZhanakBerikbol Zhanak
1 жыл бұрын 1003
5 пікір